Спортшыны сынамаңыз!

 Жүрегім ауырады...Жылағым келеді...Олимпиадаға қатысудың өзін ерлік деп есептеймін. Өзін, артындағы алаңдап қалған халқын, ең бастысы өмірін тәуекелге тігеді олар...

«Алтын алмады», «орынсыз қайтты» деген ОРЫНСЫЗ сөздер спортшылардың сағын сындырады. Осыған қатысты бір әріптесім жақсы жазыпты: «Керуеттен көтенін көтеруге ерінетіндер ел мақтаныштарын жерге ұруға ұста...».

Француздық гимнаст Самир Аит Саидтың аяғының сынуы...Тізеден төменгі бөлігі басқа жаққа бағыт алды..Ал армениялық алыптың ақырғаны жүрекке тиеді..Мұндай жан ауыртар жарақат спортшыға физикалық қана емес, психологиялық та соққы. Тіпті, Олимпиададан, одан қалды спорттан алыстауға апарады. Мұның қаншалықты қиын екенін елестете аласыз ба?! Көз ашқалы көргені – спорт, жету үшін, жеңу үшін қаншама төгілген тер, сарпылған уақыт, ұйқысыз түндер мен таңдар...Ең ауыры – өмірлік мақсат пен арманды спортқа артқан болса...Сіз қатты қаладыңыз, жету үшін алысып-жұлыстыңыз, тәтті нәрселерден (ұйқы, күлкі, қыдыру, еркіндік т.с.с)  тиылып, бірінші орынға мақсатыңызды қойдыңыз. Осының бәрі бір күнде, құдай-ау, тіпті, күн емес бір секундта сағымға айналады...Не ұттыңыз?! Бүкіл әлем сізге қол шошайтып, күліп тұрғандай...Бәрі алдамшы..Жығылғанға жұдырық болып, артыңыздан «алтын алмады», «орынсыз қайтты», «үмітті ақтамады» деген сөздердің айтылатыны тағы бар. Жаман ба?! Сұмдық!


P.S. Рио ешбір жарақатсыз және абыроймен аяқталуын тілеймін. Сіз де тілеңіз! Батырларымыз армандарынан алыстамай, аман-сау елге оралса екен. Қандай жағдай болса да, қолдайық, қолпаштайық! Спортшының рухы жеңілістің көлеңкесінде қалып кетпесін. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болар?!». Мақұл, әншіні сынаңыз, жарасады. Қалай болса да, оның атын шығарасыз. Ал спортшыны сынамаңыз! Ол ел намысы үшін, сіз бен біздің намыс үшін жат жерде күресуде... 

Мына суреттер /видеосын айтпағанда/ сүйекті сыздатады...жанға тиеді..жылағым келеді..әлі де... 
 

427