ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКАҒА КҮТПЕГЕН ЖЕРДЕН КЕЛДІМ

  851

Мен тележурналистикаға күтпеген жерден келдім. ...2008 жыл. Атырау политехникалық колледжінде оқып жүрген кезім. Кешкілік сабақтан келіп, теледидар қарап отырған ем. Кенет «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан тележүргізушілерге кастинг жариялаған хабарландыруға көзім түсе кетті. Мектепте жүргенде қазақ тілі мен әдебиетінен жарыстарға қатысып, республикалық Абай-Шәкәрім оқуларынан жүлде алғаным бар. Соған сендім бе, әйтеуір, бағымды сынауға бел байладым. Облыстық телеарнаға келдім, байқауға қатыстым. 16 үміткердің ішінен бағым шауып, бабым келісті. Арада бірер ай өткенде таңғы бағдарламаның тележүргізушісі болып жұмысқа қабылдандым. Сөйтіп, тележурналистикадағы қадамым басталды. Бұл менің өмірімдегі естен кетпес ерекше сәттер боп жадымда ұялаған еді. Міне, содан бері «көгілдір экраннан» көрініп келемін. Үлгі тұтар аға-апаларым көп нәрсе үйретті. Эфирде қалай сөйлеу керектігін, өзіңді қалай ұстау керек екенін, мәтінді жазу құрылымын түсіндірді. Оларға айтар алғысым шексіз. Алайда үйренерім әлі де көп. Күні бүгін «Қазақстан» ұлттық арнасының Атыраудағы тілшісімін. Өңірде болған әрбір маңызды ақпаратты, оқиғаларды назардан тыс қалдырмауға тырысып келемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мамандығымды мақтаныш тұтамын. Тележурналистика менің жолымды ашты.Сондықтан, тілшілік қызметіме деген ыстық махаббатым күн өткен сайын артып барады. Мен мамандығымды сүйемін!!!

119
comments powered by HyperComments