«Жанкештілер жасағы» («Отряд самоубийц»)

«Әділдіктің жаман жағы болады» («Justice has a bad side»). Дэвид Эйрдің шулы кинокартинасының ұраны осындай. Шулы дейтінім батыстың біраз киносыншысының сынына іліккен. Соған қарамастан оның бюджеті    175 000 000 $ құрапты. 

Ескерту: бұл жазба киноны көрмегендерге арналмаған. Былайша айтқанда, спойлер :)

«Жанкештілер жасағының» трейлері алғашқы үш аптасынан-ақ көп қаралымға ие болған. Алайда, көрерменнің көптен күткен үміті ақталмаған сияқты. Оған  ең үлкен себеп – кесілген кадрлар. Кинотеатрдан шыққан соң, қызықтың көкесі кесілген кадрларда ма деп қалдым...:) Сөйтіп, ғаламтордың ішек-қарнын ақтарып, өзіме керектіні тауып алдым. Сіздерге де қызық шығар?! Жалпы ойымды толығырақ төменге тізейін:

1.    Кесілген кадрлардың кесірінен кей сюжеттер түсініксіз болып қалған. Алғашында маған режиссер бастапқы бағытынан шатасып кеткендей көрінді. Сөйтсем, шынымен де солай екен. Бірақ шатаспаған. Бэтмен мен Супермен критиктердің көңіліне жақпаған соң, Warner Bros. көңілді «Жанкештілер жасағын» құрғысы келіпті. Сондықтан режиссер түсіріліп қойған киносының бағытын 360 градусқа өзгерткен екен.
2.    Кинода екі-үш рет жылт еткен Джокер бірінші нұсқасында кадрдың көп бөлігінде кездескен. Алайда, ол Ләйлісін іздеген Мәжнүн емес, қатыгез әрі жынды Джокер болған. Суреттерге қарап, киноның біраз «жұмсартылғанын» байқауға болады. Сүйіктісіне тапанша кезенген Харли. Қызды ұрған Джокер. Бұл – киноның біз көрмеген және көрмейтін де қырлары. 
3.    Тікұшағы құлап, бірақ өзі аман қалған Джаред Лето Харлиді қорқытып, жанкештілер жасағын жару керек еді. Бұл – монтажер пышағына ілінген тағы бір кадр. Сүйіктісі үшін  бәріне дайын болып көрінген ғашық Джокер киноның алғашқы нұсқасында Харлиді құтқару үшін емес, одан құтылу үшін ұшақтан жіп лақтырған. 
4.    Ал Крок сценарий бойынша өзінің қорқынышты емес, керісінше ерекше екенін жарияға жар салуды көздеген бақытсыз кейіпкер болатын. Оның қоқыстан мүсін жинайтын кадрлары да болыпты. Кинода Кроктың «мен әдемімін!» деген сөзі қалжың емес, шынайы айтылған еді. Алайда, режиссер осы тұсын көрерменді күлдіру үшін пайдаланады.

Гугл ата «Жанкештілер жасағы» туралы мынадай қызықты ақпарат айтып берді:

  • Режиссер әрі сценарий авторы Дэвид Эйр Джокердің образын оның (Джокердің) 75 жылдық мерейтойына арнап жасаған екен. Айтпақшы, бұл рөл  негізінде Райан Гослингке тиесілі еді. Бірақ ол бастартыпты. 
  • Джокер мінген Infiniti G35 Vaydor («Джокермобиль») арнайы тапсырыс бойынша жасалған. 
  • Жынды сомдаған Кара Делевинь – Харли Квиннің рөліне үміткер болғандардың бірі. Ал Опра Уинфри мен Октавия Спенсер Аманда болғысы келген екен. Алайда, бұл рөл Виола Дэвиске бұйырды. 

P.S. Жалпы өмірде кез келген нәрсеге себепкер бола алатын құдірет – махаббат. Киноның негізгі ойы осы. Азаматтың Отанға деген махаббаты. /Оны Аманданың әрекетінен байқауға болады/. Әкенің қызына деген махаббаты. /Тіпті, Бетмэнді ажалдан арашалап алды/. Есі кеткеннің ессіз махаббаты. /Джокер мен Харли/. Сүйіктісі үшін жынмен жаға жыртысқан көзсіз махаббат. Айта берсең көп. Әрбір кейіпкерде бар мұндай сезім...Ұнағаны – ел тыныштығын, жұрт амандығын кез келген жолмен қорғап, қорығаны. Бейбіт күн үшін күресте қоғамға қауіпті деп танылғандарды пайдасына жарата білді. Киносыншы болмасам да, көрермен ретінде түсірілім тобына «RESPECT» деймін :))  Көрмесеңіз, көруге кеңес беремін! 
 

488