Өлең жазуды мүлдем қойып кеттім

Жазуға деген бейімім бала кезден болды. 3 сыныптан бастап, шағын тақпақтар шығарып бірқатары «Балдырған» журналында жарық көрді. Республикалық басылымға өлеңдерім шыққандығына шексіз қуанып, журналға шығармаларымды жолдауды жиілеттім. Хатты тым көп жазып жібердім бе, әлде өлеңдерім іріктеуден өтпей қалды ма, соңғы кезде «Балдырғанның» редакторы Бейсенбай Кірісбаев ағамыздан тек хат күйінде жауаптар ғана келетін болды. Бірақ өлеңдерім қайтып басылмады. Балалық қой. Соған ренжіген болуым керек шағын туындыларымды журналға жіберуді кілт тоқтаттым. Есейе келе өлең жазуды мүлдем қойып кеттім. Спорт, музыка мен сурет салуға бейімім болдым. Қолөнерді де жанымдай жақсы көретін едім. Сондықтанда мен үшін мектепті бітіргенде мамандық таңдау қиынға соқты. Бірақ таңдау журналистика саласына түскендігіне өкінбеймін. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасының Семей өңірі бойынша меншікті тілшісімін. Күнделікті өңірдің жаңалықтарын, елдің тыныс-тіршілігі мен халықтың мұң-мұқтажын жарыққа шығаруға үлес қосып келемін.

Liked
405