A.Kanaikyzy'ның сүреті
Ақбота Қанайқызы

Мен  бала кезімнен дәрігер болуды армандаған едім. Ал бүгінде қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық иесі- журналистпін. Себебі, әкем мен анам арманымның желкенін өзге арнаға бұрып жіберді. Шынымды айтсам, оның себебін де сұрамаппын.  Сөйтіп  ҚазҰУ-ті журналистика факультетінің студенті  атандым. Иә, басында қиын болды. Өзімді құдды бір бөгде әлемнен келген бөтен адамдай сезіндім. Бірақ  уақыт өте ой-сана өзгеріп, ата- анамның үмітін ақтаймын деген ұстанымым ұшталып, үздік студенттердің  қатарынан табылдым. 4 жыл уақыт сусыған сынаптай өте шықты. Талайлардың  арманы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін тәмамдадым.  Жоғарғы оқу орнын бітіре салып  журналистиканың қайнап жатқан «қара қазанына» қойып кеттім. Еліміздің радио-телеарналарында айтап айтар болсам, «Азаттық» радиосында, «Алматы», «Астана» телеарналарының жаңалықтар бөлімінде кәсіби мамандардың қасында жүріп, тәжірибе жинақтадым. Сыналдым. Шыңдалдым. Бүгінде арқаның төрі- Астана қаласында ұлтымыздың үніне айналған,  100 пайыз тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Шалқар радиосында редактор-жүргізушімін! Ұлтына қызмет етіп жүрген ұйымшыл ұжым менің екінші отбасыма айналды. Мен үшін еліме ана тілімде қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Журналист болғаныма қуанамын!  Осылайша ата-анамның  артқан үміті  арман кемесінің желкені болып, мені асқарларға жетеледі.