A.Omar

A.Omar'ның сүреті
Айнұр Омар

-198... бірдеңенші жылдар. Арық жағасында шашы жалбырап, батпақтан торт жасап, сары қыз ойнап отыр. Кенет көшенің басынан бері қарай аяңдаған әйелді көріп, үйге жүгіре жөнелді. Мама, газет апай келе жатыр! Әріп танымаса да, осылай газет келгеніне қатты қуанатын мен болатынмын! Аптасына екі рет ауыл почтальоны газет тарататын. Почтальон деген мамандық барын кейін білдім, мен үшін газет апай болу сәби күнгі арманым еді.

1999 жыл. Өскеменнің Жамбыл гимназиясында белгілі ұстаз, марқұм Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбының оқушысымын. 9 кластан бастап, бізге Журналистика негіздері деген сабақ жүретін. Облыстық газеттен келген мұғалім бірде барлығымызға өздерің туралы жазыңдар деп тапсырма берді. Не жазғаным есімде жоқ, бірақ балалардың алды болып тапсырдым. Ұстазымыз Айтмұхамбет Қасымов өте сабырлы кісі, менің дəптердегі айбақ-сайбақ жазбамды жымиып оқып шықты. Бізге жазып тұр деді. Сол мезеттен бастап, мен газет апай емес, газетке жазатын апай, яғни шынайы журналистік өмірім басталды. 10 кластан бастап облыстық газеттің штаттан тыс тілшісі болдым. Алғаш рет 1999 жылы 400 теңге қаламақы алғанда қатты қуандым. Тіпті қалай жаратқаныма дейін есімде. Ол кезде интернатта тұрамын. Мақтанғым келген шығар, қаладағы үлкен апайым Ғалияның үйіне 170 теңгеге торт, 30 теңгеге сок сатып алдым. Өзімше жуған түрім ғой. Қалған 200 теңгесіне Пушкин кітапханасына оқырман билетін алдым.
Шынымды айтсам, тележурналист болу ойымда жоқ еді. Бала кезіміз 90 жылдарға тұспа-тұс келді. Ауылдағы советский телевизорлар да дəл сол уақытта қараң қалып, күйіп кетті. Біздің ермегіміз ойын болатын. Күндіз өзіміз көрген сериалдың кейіпкерлерін қайталап ойнаймыз, кешке свет өшеді, ол кезде айқайлап əн айтамыз не шамның жарығымен кітап оқимыз. Мен қалада дарынды балаларға арналған гимназия интернатта оқыдым. Ол жерде талап күшті, тәртіп қатаң. Сабақ, түрлі үйірмелер, олимпиада, дебат, дайындық. Тіпті сол кездерде қандай бағдарламалар болғанын да білмеймін. Кімге еліктедіңіз деп сұрай қалса, әлбетте ешкімді атай алмаймын. Журналист болам деп, 15 жасымда шешім қабылдадым. Болдым. 1 курста облыстық телеарнаға бақ сынауға бардым. Сонда қалып қойдым. Қия алмадым, қимадым болып əлі жүрмін. Осылайша жазудан қол үзіп қалдым. Мүмкін біздің арна ашып отырған бұл блог-платформа арқылы жазуды қайта бастайтын шығармын.
Есептесем телевидениеге келгеніме 14 жыл болыпты. Əр сюжеттің дайындалу тарихынан "фильм о фильме" жасауға болады.
Бұл туралы сəл кейінірек... ал əзірге мынандай ұсынысым бар, Апта.кз бағдарламасынан қандай тақырыпта сюжет жасағанымды қалайсыз, соны жазыңыз. Бірге ойластырайық! Бəлкім, сіз, иə дəл сіз менің келесі кейіпкерім шығарсыз! Небір қызық оқиғалар ел ішінде ғой, жазыңыз, мен күтем!

Тарих

Блог
Блогтағы соңғы жазбалары
Қатысу уақыты
3 years 3 weeks