A.Saparbai'ның сүреті
Ақбаян Сапарбай

Мені эфирге балалық шағымдағы арманым сүйреп келді. Өйткені, ес білгелі теледидардан көрген тілшілерге еліктеп өстім. Бар арманым - журналист болу еді. Негізі, арманға адалдық керек екен. Әйтпесе, "Сенен журналист шықпайды. Ол үшін - бой керек, көрік керек, сосын мықты таныс керек" дегендер болды) Ауылдан келген кішкентай қара қызды кім телеарнаға алады деген ой болған шығар?)) Бірақ, мен армандауды еш уақытта тоқтатқан емеспін. Қайта, сондай пікірлер мені қайрай берген екен ғой. Сол кісілерге қазір ризамын. Егер, сол сөздерге намыстанып, тырмысып, талаптанбасам, осы күнге жетер ме едім?! Кім білсін?!

   Оқуды ақылы бөлімде оқыдым. Ешкімге салмағымды салғым келмегені соншалық, бірінші курстың өзінде газеттерге мақала жазып, гонорар алатынмын. Сондағысы 8000 теңге еді. Бір тиынына тиіспей, апарып оқудың төлемақысына құя бердім. Сөйтіп жүріп бітіріп алдым оқуды. Диплом қолға тиісімен газетке жұмысқа тұрдым. Журналистік қызметімді саяси бөлімнен бастадым. Бірде құрбыларымның бірі "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы бағдарламалардың біріне рекдактор іздеп жатқанын айтты. Ол кезде телеарна Алматыда болатын. Алатаудың баурайында, арман қала Алматыны кім жек көрсін?! Мен де бір мақаламды жолдап, жауап күттім. Көп ұзамай хабарласып, шақырды. Ол 2008-ші жылдың күзі болатын. Содан бері міне, ұлттық арнаның "жауынгері" болып келемін)) Алғашқы төрт жылда мен жеке өмір дегенді ұмытып, жұмыс істедім. Кабинетте қонып, түсіріп келген кассеталарды басынан аяғына дейін шолып, берген сұхбатын қайта тыңдап, керексіз жерлерін қырқып, түні бойы сценариін жазып, таңғы монтажға  дайын отыратынмын. Кейде, кейіпкерді тыңдап отырып, қосылап жылап-жылап, көздің бұлаудай болған кездері қаншамаааа?! Кейде, бәрін бітіріп, үйге беттесең, түннің бел ортасы, Алматының  аспанынан жаңбыр шелектеп құйып тұрады. "Жауынның астында қалдым" деп мұңаятын мен жоқ. Өйткені, күн сайын тәубешілікке шақыратын хабар әзірлеймін ғой. Жылаған адамды жұбатудың, тарыққан адамға көмектесіп, алғыс алудың, өлім аузында жатқан адамға көптің тілегін тыңдатып, қайырымды адамдарды тартып, оны қайта қатарға  қосудың қандай рахат сезім екенін білсеңіздер ғой! Осы саланы тастап кетпейтінім де сондықтан. Жеті жыл бойы бір хабарға тұрақтап қалғанымның да сыры осында. Осы тұрақтылығым, қарапайым қалпым, ақ тілегін жаудырған кейіпкерлерім, тұрақты көрермендерімнің алғысы менің өмірімді өзгерткен. Сүйікті азаматыммен отбасын құрдым, екі перзентке ана, ата-ене, әулеті аялаған келін болдым)) Шынын айтсам, мен  мұның бірін де жоспарлаған жоқпын. Рас, жоспарлаған жоқпын. Бәрі бір-біріне жалғасып, орайластырылып, күтпеген жерден бола берді.

  Мен мұның бәрін неге жазып отырмын? Мүмкін, араларыңызда жұмыс,жұмыс, жұмыс деп жүріп, жеке өмірін ұмытып кеткен замандастарым бар шығар? Сіздерге, ой салсын дедім. Адалдық,таза ниет, еңбекқорлық, адамға істеген риясыз жақсылық қайтымсыз болмайды екен. Ертелі-кеш, өзіңізге мың есе жақсылық боп келеді. Тек, жақсылықтан үмітті болайық! Маған сеніңіз!)))

   Әзірге, осы! Жаңа маусымда, эфирде кездесейік! Жазарымыз көп болсын!