A.Zhabagieva'ның сүреті
Аида Жабағиева

     Үлкен кісілер не деген әулие еді десеңізші... Мен, жалпақ тілмен айтқанда, «кемпір - шалдың» қызымын. Дүниеге келе сала, нағашы аталарым бауырына басыпты. Және мен туралы ол кісі «Шекарада жүретін қыз», «Шырылдауық қараторғай» дейтін. Неге олай дейді екен? – деп таң қалатынмын. Ал қазір міне, шекаралық аймақта, Шығыс Қазақстан облысында жиырма жылға тарта уақыт қызмет етіп жүрген жайым бар. Жағдайын айта келген жұрттың жоғын жоқтап, шырылдаған қараторғай іспетті кішкентай болса да, елге көмегім тисе екен деген үміттің жетегінде жүргенім де рас.

  Өзіме келер болсақ, тек «Қазақстан» РТРК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының өзінде еңбек еткеніме 14 жылға жуықтапты. Оған дейін де түртпеген төбем жоқ, расы. Бірнеше аймақтық арналарда редактор, 31-каналдың жергілікті филиалында бас редактор, ШҚО бойынша меншікті тілшісі болдым. Республикалық басылымдардың меншікті тілшісі, ведомстволық басылымдардың бас редакторы, қысқасы, қызығушылықпен негізгі қызметіммен қатар біраз жерде қалам тарттым. Тіпті, бірнеше кітап та шығардым. Одан соң, өзі бір төбе, қасиетті қара шаңырақтың яғни, «Қазақстан» РТРК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының да табалдырығынан аттадым. Өйткені, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы – Қазақстан тележурналистикасының қалыптасуында өзіндік орны бар, республика бойынша аймақта ашылған тұңғыш телеарна! Мен бұл жерге «үйренемін» - деп келдім. Үйрендім де... Жарты ставкадағы корреспенденттік жұмыстан басталған қызмет редактор, шеф-редакторлыққа ұласып, енді міне, бүгінде аймақтық филиал директорының орынбасары - бас редактормын.

  «Қазақстан-Өскемен» – маған ел көріп, жер тануға мүмкіндік берді. Жұмыс барысында облыс, республика бойына іс-cапарларға шығып, тіпті алыс-жақын шетелдерге де барып қайттым. Ақпараттық-сараптамалық  сипаттағы кеңейтілген репортаждар, авторлық бағдарламаларым көптеген облыстық, республикалық байқауларда жеңіске жетті.

Мен журналистикаға ғашық адаммын. Оның ішінде тележурналистика - өмірлік таңдауым!

    Тележурналистика – өте күрделі сала. Қара сөзбен айтылғанды жанды  көрініспен көркемдеп, әңгіменің ақиқатын дәлелдей отыра, адамның көңіл-күйін айна қатесіз жеткізуге болады. Еткен еңбегіңнің еш кетпегенін көзіңмен көруге мүмкіндік береді.

  Тележурналистика – қызықты жұмыс. Яғни, ешқашан жалықтырмайды. Бірде қалада, енді бірде далада жүресің. Бірде ұстаханаға барсаң, бірде кітапханада боласың. Бірде сен – түрмеге кіріп, қылмыскермен тілдессең, келесі сәтте –  көшедегі кезбелермен кездесесің. Орманды аралау үшін атқа мінесің, қарақшыларды аңдып, көлікке отырасың, аймақтағы ахуалды барлау үшін тіккұшақпен көтерілесің... Отқа да, суға да түсесің... Бұл метафора емес, таза шындық. Яғни, отқа оранған алқапта етегіңді жалын шалып жатса да, оператормен бірге өрттің ортасында жүріп, стэнд-ап жазған кез болды. Төтенше жағдай кезінде, ағын су кешіп жүріп, ахуалды баяндаған кездер де болды...

 Тележурналистика - ұжымдық қызмет.  Сюжет, репортаж немесе хабар – бір адамның ғана емес, бүкіл шығармашылық топтың жұмыс нәтижесі. Тілші от ауыз, орақ тілді шешен болғанымен, бейнекөріністер нашар болса, яғни оператор өз жұмысына салғырттық танытса, нәтиже де мардымсыз болмақ. Немесе, тілші мен оператор үйлесімді жұмыс жасап, бірақ оған режиссер не бейнемонтажер үстірт қараса, дыбыс режиссері дыбыстық көркемдеуге ерекше мән бермесе, ол да материалға өз әсерін тигізеді. Дайын материалды эфирге шығару барысында инженер сапасын қадағаламаса, техникалық ақау орын аласа, бүкіл еңбектің зая кеткені... Яғни, шығармашылық топ кәсіби біліктілік танытса, ондай еңбектің нәтижесі де тұшымды болмақ.

  Жалпы, мен журналист өмір бойы ізденуден танбау керек! – деген ұстанымның адамымым. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері заман ағымынан жан-жақты хабардар болу керек. Қандай өзгерістер болса да, ол жайында біле жүргені жөн. Сондықтан да, блог жүргізуді де бастап көруді жөн көрдім. Азды-көпті жазбаларымды сіздердің сын тезіне салар ойым бар, алыс-жақын ағайын! Қабыл алыңыздар!