G.Audanbaeva'ның сүреті
Гүлназ Ауданбаева

Мені телевидениеге тағдыр айдап алып келді десем, артық кеткенім емес. Өйткені, мен бала кезімде биші болғым келді, жоғары сыныпта заңгер болуды армандадым, бірақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін дайындайтын факультетке түсіп, телевидениеден бір-ақ шықтым.

Кәдімгі кинодағыдай. Еуразия Ұлттық университетінің асханасына дипломдық жұмысымды қолыма ұстап кетіп бара жатқан жерден бір режиссер мен редактор және университетіміздің операторы кілт тоқтатып, кастингке шақырды. Осылайша, 20 жасымда «Астана» арнасының «Қайырлы таң» бағдарламасының жүргізуші-редакторы болып шыға келдім.

Содан бері 13 жыл өтті. Содан бері талай «мектепте білім алдым». «Эра» телеарнасы, «31-арна», «Жетінші арна», қайтадан «Астана» телеарнасы, ал қазіргі мектебім – Ұлттық арна.  Бұл мектептерде түрлі «директор», «завуч», «мұғалімдерді» кездестірдім. Бәрінің өз тактикасы, өз принциптері бар. Бірін адам ретінде сыйласам, бірін маман ретінде құрметтеймін, бірінен тактикалық тәсілді түйсем, бірінен шығармашылық шабыт алдым.

Бұл мектептердегі 13 жылдық білімімде  түйгенім – кәсібилік. Бұл салаға келгесін әдемі қуыршақ болып жүрмей, кәсіби маман болуың керек. Менің принципім осы. Телевидение менің мектебім болса, радио газет-журнал және баспасөз-хатшылығындағы  қызметімді «қосымша сабақ» деп айтар едім.

Негізі көп адам жүргізушіні әдемі киінген және боянған қыз ретінде көреді. Ия, кадрдағы үйлесімділік тележүргізуші үшін өте қажет-ақ. Кадрда өзіңді ұстау, тікелей эфирдегі аяқ астынан болатын жағдайларға дайын болу тағы бар. Осыларға қоса тележүргізушінің ақпаратты оқып емес, әңгімелеп жеткізуі маңызды.

Ал ол үшін  мәтінді редакторлардан кейін өзің де тексеріп, ыңғайыңа сай өзгертіп, жетпейтін тұсын қосып, ұжыммен қосыла жұмыс істеуің керек. Тек осындай жағдайда  ғана оқып емес, әңгімелеп бере аласың. Жалпы, мұның бәрі адамның көзінде тұратын көрініс. Ал, көзің бос болмас үшін адами қасиетіңе қоса, телевизияның отынан да, суынан да өткізген еңбек тәжірибесі керек. Бұл тек менің пікірім ғана. Мүмкін қазіргі тенденцияның өзге алып-қосары бар шығар.

Түйіндей келгенде, қымбатты көрермен, оқырман, әрқайсымыздың мойнымызда жеке өмірдегі жауапкершіліктен басқа, өміріміздің 50 пайыз уақытын арнайтын қызметімізге байланысты артылған міндеттер бар. Мен сіздерге өзімнің кәсіби міндетіме байланысты қысқаша баяндап беруге тырыстым.

Р.S: Телевидение - адамды қасқырлыққа үйрететін орта. Онсыз бұл ортада өмір сүру мүмкін емес. Қасқырлық – менің ұғымымда адамды жаншып-басу мен шығармашылық «мен» үшін моральдан аттау деген мағына бермейді.

Қасқырлық – пісу, ширау, фактіге (адамға емес) аяусыз көзқараспен қарау, кез-келген жағдайға бейімділік рефлексі және әрине, кәсіби білім. Ізімнен ерген жастар қасқырлық деген ұғымды осы дұрыс мағынасында түсініп,  «адами қасқыр» болуға ұмтылса деймін.