Zh.Baisemizova'ның сүреті
Жанар Байсемізова

Мен Байсеміздің немересі Жанармын.

Мектепте кластас балалар  менің Байсемізова деген тегімді кері айналдырып,  Кедейарықова  деп  мазақтайтын. Шын айтсам, сол кезде фамилиямнан қатты ұялатынмын.  Кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік аларда  анамның  әйбәт Ахметжанова тегіне ауысып аламын деп армандайтынмынJ).  Бірақ мамам рұқсат бермеді, «болмайды»,- деді. Неге деген сұрағыма тағы «болмайды»,- деген жауап алған соң, арманымның орындалмайтынына көзім жеттіJ.

96-97-ші жылдары екінің бірі түсе бермейтін (параның пәрменді кезі, бірақ мен пара берген жоқпын, крышам Құдай болдыJ) университеттің журналистика факультетіне оқуға қабылданғанда, талай болашақ журналистің «қанын ішкен» атақты  Темірбек Кожакеевтің қолына түстім. Студенттерді  фамилияларын атап, бір бірден танысып жатқан еді. «Байсемізова»,- деді, мен тұрдым.

 -Байсың ба?

-Жоқ((

-Бай да емессің, семіз де емессің. Мына фамилияң саған жараспайды, өзгерт.

Осылай кесті де тастадыJ

Группаластарымның арасында тегіме тиіскендер болмады. Тек ерекше фамилиямды еркелетіп, Байсеміздің немересі, Байсеміз деп атады. Кедейарықова да қатар жүрді. Есімімді айтпай, мені Байсеміз деп атағандарға «ау» деп қайырылатын болдым, атамның атына деген махаббатым ояна бастады білемJ.  Бір адамдар «байын» алып тастап, «семізге» сәйкестендіріп, Сема деп те еркелетті. 

Студенттік кезде секталарға қатысты газетке жазған «Таным-сенім өзгерісі, әлде халқымызды тағы бір апат күтіп тұр ма?!» деген алғашқы мақаламнан кейін, курстастарым сенен мықты журналист шығады деп,  жер-көкке сыйғызбай мақтап ала жөнелді. Сол шақта мықты деген арналдарда тісін батырып, журналист болып жүрген жасы үлкен достарымнан мұндай  мадақтау сөздерін есту мен үшін «ауыр» болды. Өте қатты ұялдымJ. Солар мені сүйреп әкеліп,  телевизия планетасынан бір ақ шығарды. Сосын, ең алғашқы сюжетім эфирге шықты, дауысым қазіргіден нәзік едіJ), Жанар Байсемізова, Павел Энгельгардт Оңтүстік астана телеарнасы. Әсіресе соңғы  «преставлялканы» оқығандағы толқынысты қазір сіздерге  айтып жеткізе алмаймын, сондай таза, сондай балғын едіJ. Ауылдан әкемнің қарындасы телефон соқты,- «Жанар, Байсемізова демей ақ, папаңның атын айтшы, бір түрлі естіледі екен Байсемізова»,- деді. О Құдайым ай десеңшіJ((. Әлі есімде, «Жоқ, мен Байсемізова деп оқимын»,-деп әпкемнің сөзін жақтыртпай, қасарысып тұрып оқи бердім. Қырсық мінезім сол кезде сұмдық еді. Жанар Байсемізова, Жанар Байсемізова, Жанар Байсемізова. «Жаман» естілетін фамилиям біраз уақыттан кейін өңін құбылтып, сұлуланып  өзімнің де, туыстарымның да, басқалардың да құлағына майдай жаға бастады.

Содан бері Байсемізовамын. Бұндай фамилияны Қазақстанды 126 рет айналып шықсаң да таппайсыңJ. Байсемізованы жақсы көріп кеткенім соншалықты, өзге ұлт өкілдерімен танысқанда фамилиямды  аударып, мағынасын айтып беретін болдым.  Бәрі жымиып,  жақсы қабылдайды.

Қаншама жылдар өтті, марқұм Қожакеев ағаймен болған сол диалог та  қазір әдемі естелікке айналды.

Қазір мені ешкім келеке қылып күлмейді. Ешкім мазақтамайды. Қазір тегімнен ұялмаймын, қысылмаймын. Өйткені Байсемізова өзімнің брендіме  айналдыJ.

Сонымен Байсемізованың блогына қош келдіңіз!